Жетісай АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, мал ұрлығы болғанын жеткізді. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, белгісіз тұлғалар түнгі 4-тер шамасында тұрғын-үйінің жанындағы қорасына жасырын кіріп, әрқайсысы 75 мың теңге тұратын 3 бас қошқарын ұрлап кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК 188-1 бабы «Мал ұрлығы» бойынша СДТТБТ-ға тіркеп, жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 200 000 мың теңгеден асады.
Ақпарат алысымен Жетісай қаласының тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына жетті. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, куәгерлерден жауап алды, сондай-ақ мал таситын автокөліктерді және үй малын сататын орындарды тексерді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері мал ұрлығын жасағандардың ізіне шығып, 1 тәулік ішінде үш күдікті ер азаматты ұстады. Оның бірі жергілікті тұрғын болса, қалған екі күдікті Мақтаарал ауданының тұрғындары болып шықты. Полиция қызметкерлері ұрланған малдарды күдіктінің бірінің үйінен тапты. Айғақты зат ретінде тәркілеп алынып, заңды иесіне қайтарылды-деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында анықталғандай, туыс күдіктілер қораның тұрғын–үйден алыстау орналасқанын пайдаланып қойларды жымқырып кеткен. Кінәларын толық мойындаған күдіктілер қамауға алынып іс сотқа жолданды.
Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғындарына қырағы болып, малдарын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Шаруашылық аулалар мен қора-жайларды сенімді қоршаумен нығайтып, құлыптар мен жарық орнату қажет. Сондай-ақ, үй малына ен-таңба салдырып, бақташы жалдау керек. Егер сіз мал ұрлығының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» телефоны.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




