Шардара АПБ-не жергілікті тұрғын арызданған. Ол азаматтың айтуынша ауыл сыртында жайылып жүрген жерінен 2 бұзауын белгісіз тұлға ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 100 мың теңге. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша СДТБТ-ға тіркеді-деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары хабар алысымен толық құрамда оқиға орнына жетіп, бірден жедел-іздестіру амалдарына кірісіп кетті. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, куәгерлерден жауап алды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының үйін аралап, жоғалған бұзауларға ұқсас малдарды тексеріп шықты. Полиция қызметкерлерінің табанды еңбектерінің нәтижесінде ауыл тұрғынының бірінің үйінен жоғалған екі бұзау табылды. Ол азаматтан жауап алу барысында ірі қара малдарды 60 мың теңгеге сатып алғаны белгілі болды. Осы ауыл тұрғынының сипаттауы бойынша күдіктінің түр-сипаты, тұрғылықты мекен-жайы анықталған. Жинақталған мәлімет бойынша учаскелік полицей мен жедел уәкілдер 2 сағат ішінде күдіктіні үйінен ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Полицейлер ұрланған малдарды тәркілеп, заңды иесіне қайтарып берді.
Тергеу барысында анықталғандай күдікті жайылымда жүрген бұзауларды көріп, оңай жолмен ақша тапқысы келген. Содан соң ұрланған малдарды ауылдасына арзан бағаға сатып, ақшасын бас пайдасына жаратып жіберген.
Өз сөзінде жәбірленуші азамат учаскелік полиция қызметкері Сүлейменов Жүсіп және жедел уәкіл Боранбаев Мұхтарға шынайы ризашылығын білдірді.
Қазіргі таңда күдікті азаматқа қатысты тергеу амалдары жалғасуда. Бас шарасы қолхатта.
Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғындарына өз мүліктерін ұрылардан сақтауды және малын жайылымда қараусыз қалдырмауды ескертеді. Мал жоғалған немесе ұрланған жағдайда тез арада полицияға хабарласу керек.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




