«Арыстанбаб» кесенесінде қызмет атқаратын туристік полицейлер халықтан тек алғыс алып, абыройлы қызмет атқарып келеді. Бұған дейін сіздерге БАҚ-ы арқылы олардың күнделікті атқарып жатқан жұмыстары мен қиналған жанның қорғаушысы болғаны жөнінде бірнеше жаңалықтар ұсынған болатынбыз-деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оның бірі дем жетпей қысылып қалған әйелге көрсеткен алғашқы көмегі болса, келесісі жүріп-тұруы қиын егде жастағы қарияны арнайы көліктерімен алып жүріп, ақ батасын алғаны. Бұл аймаққа келушілер арасында денсаулығы сыр бергеннен басқа, бағалы заттарын жоғалтып алатын кездер де кездеседі. Осындай келеңсіз жағдайларда зиярат етіп келушілерге бірінші кезекте туристік полицейлер көмекке келеді.
Мысалы, Сымбат Шоқанқызы Арыстанбабқа Алматы қаласынан арнайы тәу етіп келеді. Содан Түркістан қаласына келе жатып, қолындағы қол сөмкесін таппай, Арыстанбабтың бір жерінде ұмыт қалдырғанын біліп, артқа қайтады. Бұл аралықта полиция лейтенанты Рақымжан Ниязбекұлы қараусыз қалған сөмкені алып қойып, егесін іздестіріп жүрген еді. Осылайша жарты жолдан қайтып келген зиярат етушіге тиесілі сөмкесін полицей қайтарып береді. Белгілі болғандай, жас қыз ішінде 150 000 теңгеге жуық ақшасы бар сөмкесін ұмытып тастап кеткен.
Өз кезегінде полиция қызметкерінің қырағылығына, өз қызметіне жауапкершілікпен қарайтынына риза болған алматылық тұрғын алғысын жаудырды. «Мұның ішінде еңбек демалысыма шыққан қомақты қаражат болған еді. Полицейге рақмет, басқа біреу қолды қылмай тұрып, тауып алып сенімді жерге қойып қойғанына. Жұмысына табыс тілеймін!»-деп шынайы ризашылығын жеткізді.
Негізінде туристік полицейдің басты міндеті – өңірге келген саяхатшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл межеден Отырар АПБ-не қарасты туристік полицейлер шығып отыр деп айта аламыз.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




