Мақтаарал АПБ-ға 102 нөмірі арқылы жергілікті тұрғын хабарласып, полиция қызметкерлерінен көмек сұрайды. Арызданушы полицейлерге құрылыс алаңынан еден іргесінің (плинтус) ұрланғанын айтқан. Тәртіп сақшылары хабарлама бойынша бағыт алып, оқиға орнына бірден жетеді. Құрылыс компаниясына келтірілген жалпы шығын көлемі 150 мың теңге-деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді. Орын алған қылмысты ашу мақсатында Мақтаарал АПБ-нің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел тергеу тобы құрылып, күдіктіні ұстауға бағытталған жедел шараларды іске асырды. Осылайша тәртіп сақшыларының жүргізген іздестіру жұмыстары барысында күдікті туысының үйінен ұсталды. Ұсталған азамат жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғын болып шықты. Өз кінәсін толығымен мойындады. Полицейлердің табанды еңбектерінің арқасында қолды болған барлық заттар тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды.
Тергеу барысында анықталғандай күдікті өз арам ойын іске асырғаннан соң, ұрланған заттарды сатып жібермекші болған. Алайда тәртіп сақшыларының жедел қимылдауының нәтижесінде арам ойы іске аспай қалды.
Бүгінгі таңда полицейлер күдіктіні қамауға алып, тергеуді жалғастыруда. Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлықтың алдын алу үшін барлық қажетті сақтық шараларын сақтауды ескертеді. Егерде сіз ұрлықтың куәгері немесе құрбаны болсаңыз, міндетті түрде тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




