Созақ АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Арызданушы әйелдің айтуынша түнгі сағат 01:00-лер шамасында белгісіз азаматтар оның баласын ұрып-соғып, «Ваз 21099» маркалы автокөлігінің терезелері мен жарық шамдарын сындырып кеткенін айтқан. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 200 мың теңгеге жуық-деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Күдіктіні ұстауға аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел уәкілдер жәбірленушінің таныстарынан жауап алып, аулаларды аралап, бейнебақылау камераларын тексеріп, басқа да іздестіру шараларын жүргізді. Қабылданған шаралар нәтижесінде Созақ ауданының полицейлері күдіктіні ізін суытпай, небары 2 сағат ішінде құрықтады. Тексеру барысында бұзақының мас халде болғанын және оның жергілікті тұрғын екендігін анықтады.
Ұсталған азамат өзінің барлық бұзақылық әрекетін толығымен мойындады. Бас шарасы «ешқайда кетпеу туралы міндеттемеде». Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға барынша сақ болуды ескертеді. Егерде осындай бұзақылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, уақыт өткізбестен, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




