Төлеби аудандық полиция бөлімі ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Ерлан Жұманбаев, полиция капитаны Ерсұлтан Түлкібек, полиция аға лейтенанты Ағдарбек Маметов, күнделікті қызмет атқару барысында ауа райының салдарынан қолайсыз жағдайға тап болған жолаушыларға көмек көрсетті. Яғни қарға батып қалған 5 көлік жүргізушісіне, олардың 10-ға жуық жолаушыларына қолғабыс етіп, алғыс алды.
Мәселен Шымкент қаласының тұрғындары өздерінің «Chevrolet» маркалы көлігімен Төлеби ауданы Қасқасу ауылдық округіне келе жатып, қар құрсауында қалып қояды. Байланыс болмағандықтан ешкімге хабарласып, көмек сұрай алмайды.
Дәл осы сәтте өзіне бекітілген аумақта қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап жүрген учаскелік полиция қызметкерлері тоқтап тұрған көлікті байқап қалады. Қалың жауған қар салдарынан батып қалған көлікті құрал-жабдықтарымен тазалайды. Содан қызметтік көлікпен тартып шығарып, қолдан келгенше жәрдем етеді. Біраз уақыт жолда қалған жүргізуші мен жолаушылар полицейге шынайы ризашылықтарын жеткізді.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға сақ болуды және жол жүру ережелерін бұзбауды ескертеді. Алыс-жақын сапарларға шығарда көлігіңізді қамдаңыз. Сондай-ақ, полицейлер жүргізушілерге ауа райы нашар, боран болған кезінде жолға шығудан бас тартуға кеңес береді.




