Түркістан облысының полицейлері Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда.
Мәселен, Ордабасы АПБ-нің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторы полиция лейтенанты Құдайберген Дәулетұлының ұйымдастыруымен іс-шара өтті. Олар Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылында орналасқан «Б.Нұрлыбеков» атындағы жалпы орта мектебімен «Достық» жалпы орта мектебінің оқушыларымен «Мен және менің полицейім» атты акцияға қатысты. Акцияның негізгі мақсаты балаларға жұмыстарын таныстыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, заңдық сауаттылықтарын жетілдіру, ішкі істер органдарына жұмысқа орналасқысы келетіндерге қолдау білдіру, қоғамдық орындарда оқушыларды жол жүру ережелерімен таныстыру.
Дәл осындай шара Түлкібас ауданында да жалғасын тапты. Яғни УҰИ бастығы полиция майоры Руслан Бескемпір, ЖПҚБ ЮПТ аға инспекторы полиция майоры Нұржан Сыдықов Түлкібас ауданындағы мектеп оқушыларымен кездесті. Кездесу кезінде кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру, отбасылық және адамгершілік-рухани құндылықтарды насихаттау мен азаматтардың Ішкі істер органдарына деген сенімін арттыру мәселелері қаралды.
Сондай-ақ оқушылар Түлкібас АПБ-ға экскурсия жасады. Оқушылар аудандық полиция бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысты. Оқушылардың ішкі істер органдарының жұмысына қызығушылықтары артты.
Осылайша, ел тыныштығын қорғап, қылмыспен күресіп, қоғамдық тәртіпті қалыптастыруда абыройлы еңбек етіп жүрген тәртіп сақшылары, қиын да қауіпті жұмыстарынан уақыт тауып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуды дәстүрге айналдырған.




