Сауран АПБ-ға жергілікті тұрғын, құрылыс жұмыстарын жүргізумен айналысатын мекеме басшысы арызданды. Онда түнгі уақытта белгісіз біреулер аулада тұрған 20 дана полиэтиленді пленка орамалары, 2 дана Камаз жүк көлігінің доңғалақтары мен генераторды жымқырып кеткені көрсетілген. Ақпарат алысымен оқиға орнына тез арада шыққан учаскелік полицей Нұрбол Әбдірахман бірден ПБ-ға хабар беріп, жедел-тергеу тобын шақырды. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 5 000 000 теңгеден асады. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында, учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұрбол Әбдірахман қажетті іздестіру шараларын атқарды. Полицейлер көрген-білгендерден жауап алып, жақын төңіректі мұқият қарап шықты. Осылайша тәртіп сақшылары жүргізген жүйелі жұмыстың нәтижесінде, небары тәулік ішінде ұрлық қылмысын «ізін суытпай» ашты. Яғни бөтеннің мүлкін ұрлады деген күдікпен 2 азамат ұсталды.
Анықталғандай, күдікті екеу жәбірленушінің жұмысшылары болып шықты. Олар түнгі уақытта ғимараттың ішінде ешкім жоғын пайдаланып, бағалы құрылысқа қажетті заттарды өздері мініп келген «ВАЗ-2107» маркалы көлікке артып әкеткен. Одан кейін ұрланған затты өзге біреуге сатып жіберіп, ақшаны қажеттіліктеріне жұмсаған.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға жеке мүліктеріне барынша сақ болуларын ескертеді. Егер де, сіз, бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада 102-ге хабарласыңыз.




