Қазіргі таңда елімізде, оның ішінде тұрғындардың көбісі мал бағумен айналысатын облысымызда, мал ұрлығы — өзекті мәселенің бірі. Ал мал ұрлығы қылмысына тұрғындардың малдарын жайылымға қараусыз жіберетіні бірден-бір себеп болып отыр.
Мәселен Жетісай АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Жәбірленуші өз арызында, жайылымға жіберген 4 бас сиырын жоғалтып, өздігінен 1 айға жуық уақыт іздегенін көрсетті. Алайда іздеуі оң нәтиже бермеген. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1 250 000 теңге. Аталған жайтты полицейлер бірден тіркеуге алды. Хабар түскен сәттен бастап жетісайлық тәртіп сақшыларынан арнайы тергеу тобы құрылып, жайылым жерлерге барып, көрген-білгендерден жауап алды.
Тәртіп сақшыларының қырағылығы мен іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, жәбірленушінің сиырлары 10 шақырым қашықтық шамасындағы Жетісай ауданы, Өркенді елдімекеніне қарасты егістік алқапта жайылып жүрген жерінен табылып, иесіне қайтарылды. Жәбірленуші малдарын тауып берген тәртіп сақшыларына өз алғысын білдіріп: «Қаншама күн-түн өзіміз іздедік. Бірақ таба алмадық. Ал полицейлер мықты, сиырларымды тауып берді. Осы үшін тәртіп сақшыларына алғысым шексіз!»-деп атап өтті.
Полицейлер облыс тұрғындарына ескертеді: қора-қопсыны мықтап қоршап, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсырыңыз! Оларды дер кезінде таңбалап, сырғалаңыз! Ұрының сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, малыңызды иемденіп кетуіне жол бермеңіз.




