Өзіне бекітілген аймақтағы тұрғындар ол жайлы «Туысқанымыздай жақын» деген өте жақсы пікірде. Сөзімізге арқау болып отырған – Арыс аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Крокус Михаил. Ұлты өзге болса да, жүрегі қазақ деп соғатын жас полицей туралы бұған дейін де бірнеше рет жазғанбыз. Өйткені ол халықтың қорғаны, ең бастысы жанашыры болған жан. Түркістан облысы ПД-нің ең білімді, білікті мамандарының бірі. Сондай-ақ өнерлі, шығармашылыққа жақын полицейлердің қатарында. Олай деуімізге себеп көп. Мәселен, 2021 жылы өткізілген облыстық «Парасатты полицей» байқауында Михаил бастаған арыстық команда «Бас жүлдені» иеленді. Одан кейін республикалық «Парасатты полицей» байқауынан жүлделі ІІІ-орынды қанжығасына байлады. Бұның барлығын да өнерпаз полицейдің үлесі зор.
Осынау Наурыз мерекесі қарсыңында, Михаилдың шаңырағында қуаныш болып жатыр. Яғни полицей ұлдарыңыз үйленіп, отау құрды. Бақ құсын қолына қондырған полицейге қызметтес әріптестері, яғни Арыс АПБ-нің полицейлері әдеттегідей қолдау білдіріп, өз еріктерімен қалыңмалға қаржы жинақтап берді.
Жастайынан өмірдің барлық сынағынан өтіп келе жатқан Михаил, өз мақсатына жету жолында ешқашан шаршамай келеді. 1998 жылы өмірге келген жас сәби туылғаннан Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы балалар ұйымының тәрбиеленушісі болған. Сонда тәрбие алып, ер жеткен. Қазақы ортада өскен бала, қазақ тілінде емін-еркін сөйлейді. Орыс ұлтының өкілі болса да, өзі мұсылман дінін қабылдаған. Тіпті оны өзіне бекітілген аумақтағы тұрғындар жақын тартып, есімін қазақшалап Мәдиге ауыстырып алған. Бүгінде оны жанындағылар Мәди деп, қазақтың қара баласы ретінде таниды.
Бала кезден полицей болуды армандаған Михаил, өзі тәрбиеленген балалар үйі басшысының қолдауымен 2016 жылы М.Есболатов атындағы Алматы академиясына оқуға түскен. Жоғары оқу орнын 2021 жылы бітіріп, қазіргі таңда Арыс АПБ-да учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқаруда. Алты жылға жуық ішкі істер саласында жүрген Михаил талай оқиғалармен бетпе бет келген. Ол өз сөзінде: «Мен — учаскелік полиция инспекторы болғандықтан, қашан да халықпен бірге жұмыс жасаймын. Олардың тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында уақытпен санаспай, қызмет етемін. Ең бастысы халыққа жақын болуға тырысып, сол бағытта әрекет етемін!»-деп атап өтті.
Елден алғыс алып өсіп келе жатқан полицейге жыл басы-Наурыз қарсаңында көтерген шаңырағыңның керегесі кең, терезесі тең болсын демекпіз. Ұрпағыңмен мың жасап, үбірлі-шүбірлі болып, еңбегің еленіп, тек абырой биігінен көріне бер деп ақ тілегімізді тойға шашу ретінде арнаймыз!




