Жолға шыққан жүргізушілер мен жолаушылар түрлі қиындықтарға, келеңсіз жағдайларға тап болып жатады. Осындай кезде полицейлер көмек қолын созып, жолда қалғандарға қолғабыс етіп, алғыс алатын кездер де аз емес. Мәселен, патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Бәйдібек ауданына қарасты таулы аймақтардың бірінде жол бойында тоқтап тұрған «Опель-Вектра» көлігін көріп, жанына жақындайды. Жүргізушіден қал-жағдайын біліп, қандай да бір көмек керек пе деп, жөнін сұрайды. Белгілі болғандай, көлігі бұзылған жүргізуші 1 сағаттай жол бойында тұрып қалған көрінеді. Содан тәртіп сақшылары бірден әрекет етіп, жүргізушімен оның ата-анасын қызметтік көлікпен 10 шақырым жердегі туыстарының үйіне жеткізіп көмек берді — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Өз кезегінде жүргізушінің анасы: «Шымкент қаласынан туыстарымыздың үйіне шыққан болатынбыз. Содан көлігіміз бұзылып, жарты жолда қалдық. Полиция қызметкерлері қиын жағдайда қалғанымызды көріп, бізді ойлаған жерімізге жеткізді. Алла разы болсын! Осындай қиналғанда қолдау білдіретін жігіттеріміз көп болсын! Жұмыстары алға бассын!»-деп, шынайы ризашылығын жеткізді.
Анықталғандай, жүргізуші мен оның отбасына жәрдем еткендер учаскелік полиция инспекторы полиция лейтенанты Ерсін Нұрдаулет, полиция аға лейтенанты Ерболат Қыдырәлі болып шықты. Яғни, аталған тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау мақсатында күнделікті қызметтерін жасап жүріп, көмек қажет еткен жанға көмектесіп, игі іс жасауларын жалғастыруда.




