«Қылмыстың өтеуі-жаза» екендігі баршамызға белгілі. Дегенмен өкініштісі, оңай жолмен пайда табу мақсатында ұрлық-қарлық жасайтындар аз емес. Мәселен Бәйдібек ауданында мал ұрлаумен айналысқан ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Нақтырақ айтсақ, Бәйдібек АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып, өзінің қорада тұрған 8 бас қойын белгісіз біреулер ұрлап кеткенін жеткізген. Жәбірленушіге келтірілген шығынның көлемі 450 000 теңгені құрады. Аталған жайт ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркелді — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жедел-тергеу тобы ақпарат алысымен оқиға орнына аттанып, жедел шараларды жүргізді. Орын алған мал ұрлығы қылмыстарын ашу, күдіктілерді ұстау мақсатында тәртіп сақшылары қарқынды қызмет атқарды. Мал таситын көліктерді, мал базарларды мұқият тексеріп шықты. Полиция қызметкерлері бастаған жедел уәкілдердің жан-жақты іздестіруі нәтижесінде, мал ұрлығына қатысы бар күдіктілердің жеке басы анықталды. Күдікті ретінде жергілікті тұрғын ер адам ұсталды. Белгілі болғандай күдікті адамдар тобының сөзбайласуымен ұрлық жасаған. Яғни күдікті арнайы көлік жалдап, малдарды көлікке тиеп отырған.
Полицейлер істі толығымен аяқтап, айыптау актісімен бірге сотқа жолдады. Нәтижесінде сот шешімімен күдікті ер азаматқа 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Полицейлер облыс тұрғындарына ескертеді: қора-қопсыны мықтап қоршап, бекітіп, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсырыңыз! Оларды дер кезінде таңбалап, сырғалаңыз! Ұрының сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, малыңызды иемденіп кетуіне мүмкіндік бермеңіз.




