Сайрам АПБ-нің полиция қызметкерлері мас күйінде көлік жүргізудің кезекті жайтын анықтады. Яғни, Ақсукент ауылындағы орталық көшелердің бірінде жол-көлік оқиғасы орын алған.
Белгілі болғандай, «Hyundai» автокөлігі қарсы жолаққа шығып, «Toyota» автокөлігімен соқтығысқан. Жол апатынан зардап шеккендер жоқ, алайда көліктерге материалдық шығын келген.
Тексеру кезінде тәртіп сақшылары » Hyundai» жүргізушісі көлікті мас күйінде басқарғанын анықтады. Тәртіп бұзушы медициналық куәландыруға жеткізілді, ол мас болудың орташа дәрежесін көрсетті. Аталған факт ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе осындай адамның көлік құралын басқаруға жіберілуі» бойынша тіркелді.
Полицейлер жүргізушінің бұған дейін ішімдік ішіп, көлік тізгіндегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі жүргізушінің көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамға беруі» бойынша жауапқа тартылғанын анықтады. Сол кезде сот жергілікті тұрғынды 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырған. Десек те, өз қателігінен қорытынды шығармаған жүргізуші, мас күйінде рульге қайта отырған. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жолаушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Мас күйде рульге отырмаңыз, бұл қалпына келтірілмейтін салдарға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарама-қарсы қозғалыс жолағына шықпау қажет.




