Полицияның сервистік модельге көшуі яғни, тәртіп сақшыларының қол жетімді, ашық әрі халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жедел және дамыған әдістерді қолдануы, цифрлық технологияны меңгеруі, білім біліктіліктерін арттырып, қылмыстардың азаюы мен тосқауыл қойылуы жайында жүйелі жұмыстар іске асырылып жатыр — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ал бұл жұмыстарды одан әрі де тиімді әдістерді қолдана отырып, уақытпен бірге жедел жүзеге асуы үшін Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтың бастамасымен арнайы мамандар киелі өңірге келді.
Олар: полиция полковнигі Милюк Алексей Казимирович, ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің консультанты Эльмира Хисамутдинова, полиция подполковнигі Алмагамбетова Амина Солдатовна, Қарағанды академиясының оқытушысы, зерттеу жетекшісі Молбасин Сағынған.
Аталған мамандар полицияның сервистік моделі бойынша талдауларды қарап, қылмыстардың болуы, себеп-салдары мен оны болдырмау жолдарын анықтайтын болады.
Ал мұндай жұмыстар өз кезегінде Түркістан облысын қауіпсіз әрі қылмысы аз облыс қатарынан түсірмей, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге, қауіпсіз аймаққа айналдыруға үлкен үлесін қосады.
Аталмыш жиынға облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев, ТО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Абдуғани Сейдуалиев, Түркістан ҚПБ бастығы полиция полковнигі Бауыржан Селтанов, Түркістан облысы әкімдігі жанынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топ мүшелері қатысты.
Нұр-Сұлтан қаласынан келген арнайы топ 3 күн қатарынан сервистік полиция моделі бойынша атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын істерді саралайды. Дамыған елдердегі озық тәжірибені мамандарға үйретіп, тәжірибелерімен бөліседі. Жиын барысында төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев өзінің пікірін білдіріп, топтың жұмысына сәттілік тіледі.
Бұдан бөлек баяндамалар оқылып, жобаның жұмыстары пысықталды. Осыған дейін Түркістан облысы Полиция департаментінің ұсынысына сәйкес, пилоттың аумақ ретінде «Яссы» мен «Сауран» шағынаудандары таңдалған болатын. Елордадан келген мамандардың саралауымен облыс орталығы Түркістан қаласының аумағы пилоттық аумаққа енгізілді.
Айта кеткен жөн, киелі өңірдің бас полицейі қызметке тағайындалған күннен бастап облыстың қауіпсіз болуы мен сервистік полицияның енгізілуі бағытындағы жұмыстарды қолға алып, қатаң қадағалауда.




