Түркістан облысында халықтың алғысына бөленіп жүрген полицейлер қатары көп. Тәртіп сақшыларының көмегін алып, мәселесі оңынан шешілген тұрғындар, жазбаша түрде де, ауызша бейнежазба арқылы да өз алғыстарын білдіріп жатады. Осындай кезекті алғыс білдіру қолжазбасы Жетісай ауданының полицейіне қатысты келіп түсті.
Аталмыш жазба иесі Алматы облысының тұрғыны Жадыра Ибрагимова: «Мен 17.02.2022 жылы Жетісай АПБ-ға «Е-өтініш» базасы арқылы арыз түсірдім. Яғни жетісайлық танысым екеуміз бизнес жоспар құрып, жаңа кәсіп бастамақшы болғанбыз. Ол үшін мен танысыма 40.000 теңге ақша салғанмын. Бірақ арадан бірнеше күндер өткенде, ақша берген танысыммен байланыса алмадым. Содан алаяққа алдандым ба деген оймен, полицейлерден көмек сұрадым. Менің осы өтінішіммен Жетісай АПБ қызметкері, полиция аға лейтенанты Асқар Әбдусапар айналысты. Соның нәтижесінде небары 2 күн ішінде танысым ақшамды қайтарып берді. Бұл полицейдің еңбегі, алғысым шексіз. Алла разы болсын! Қызметте өсе берсін!» делінген.
Аталған оқиға бойынша полицей А.Әбдусапар: «Біз кез келген өтініш бойынша жедел әрекет етуіміз керек. Соған дағдыланғанбыз . Ең бастысы бізге келген сауалдар жауапсыз қалмайды. Жадыра Ибрагимовтың арызы бойынша да бірден әрекет еттік. Ақшаны алған әйел жетісайлық тұрғын болғасын, оның жеке басын анықтап, полиция бөліміне жеткіздік. Оқиға бойынша жан-жақты сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Өз кезегінде екі әйел араларындағы түсінбеушілікті шешу үшін, шағымданушының ақшасын қайтарғаны дұрыс екенін түсіндірдім. Тұрғын да өзінің қателігін сезініп, Жадыраға ақшаны қайтарды. Мәселе осылайша тез арада шешімін тапты»-деп атап өтті.
Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, полицей ол халықтың қорғаны! Қылмыстың, әкімшілік құқықбұзушылықтың алдын алуда, қандай да бір мәселені шешу жолында аянбайды. Қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындар тыныштығын сақтап, сақшылық қызметтерін абыроймен атқарады. Жас полицей Асқар Абдусапардың әрекеті осының дәлелі іспетті.




