Еліміздің тыныштығын күзетіп, қауіпті жағдайлардың алдын алып, қоғамдық тәртіпті сақтауда атқарып жатқан полиция қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Ал мұндай маңызды қызметке лайық, болашағынан үміт күттіретін жастардың қатарға көптеп қосылуы ата-ананың берген тәрбиесінің жемісі. Балаларын жас кезінен еңбекке баулып, өз ісіне жауапкершілікпен қарауға дағдыландырып, алдағы өмірлеріне дұрыс бағыт-бағдар беру ата-ананың бірден-бір міндеті. Осы тұста 1-наурыз «Алғыс айту» күні мерекесіне орай Бәйдібек ауданы ПБ-да полиция қызметкерлері өздеріне артылған міндеттерін жоғары деңгейде атқарғаны үшін білікті полицейлердің ата-аналары шақыртылып, іс-шара өткізілді. Іс-шара аясында жиынға арнайы келген ата-аналарға Бәйдібек ауданы полиция бөлімінің басшысы тарапынан алғыс грамоталары табысталып, гүл шоқтары ұсынылды.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары шақырылған қонақтарға шынайы тілегі мен алғысын айтты. Осындай құттықтауларға бөленген аналар қауымы мәз-мейрам боп, ұжымға алғыстарын жаудырып, ризашылықтарын білдірді.




