Бүгінде бөтеннің сеніміне кіру арқылы алдап, алаяқтық әрекеттерін іске асыратындар қатары көбейген. Түркістан облысының полицейлері осындай оңай жолмен ақша табатын талай алаяқтарды құрықтап жүр. Мәселен, Кентау қалалық полиция басқармасының полицейлері мүгедектікке шығарып беремін деген желеумен тұрғынның ақшасын жымқырған күдікті әйелді ұстады.
Нақтырақ айтсақ, өткен жылдың тамыз айында жергілікті тұрғынның танысы «мүгедектікке шығарып беремін деп» алдап, құжаттарымен бірге 200 000 теңгесін алған. Осы уақыт аралығында мүгедектікке шыға алмаған, ақшасын қайтара алмаған тұрғын сан соғып қалғанын түсініп, ҚПБ-ға арызданып, полицияның көмегіне жүгінген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілді.
Қалалық полицейлер жәбірленушінің арызына орай, шұғыл түрде іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдікті әйел тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Ол жергілікті тұрғын, жас әйел болып шықты.
Белгілі болғандай күдіктінің тағы бір жәбірленушіні алдап 100 000 теңгеден астам қаржыны иемденгені белгілі болды. Сондай-ақ күдікті деп танылған әйел бұрын ауруханада жұмыс істеген болып шықты. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Түркістан облысының полицейлері алаяқтардың арбауына ермей, кез келген мәселеңізді заң жүзінде шешіңіздер деп ескертеді. Егер де, сіз, алаяқтық қылмысына куә болсаңыз немесе құрбаны болсаңыз «102» шұғыл нөміріне хабар беріңіздер. Өйткені дер кезінде берілген ақпарат, қылмыстың тез ашылуына ықпал етеді.




