Күні бүгін Түркістан облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасында дөңгелек үстел өткізілді. Оған Түркістан облысы Полиция департаменті қала, аудан полиция басқармасы мен бөліністерінің көші-қон қызметі бөлімі басшылары, «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі өкілдері қатысты-деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі
Дөңгелек үстелдің басты мақсаты: Қазақстан Республикасының аумағында жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұратын тұлғалардың құқықтық мәртебесін айқындау.
Сондай-ақ дөңгелек үстелге жиналған қауым ҚР Ішкі істер органдарының бөлімшелеріне елімізде тұратын адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттарсыз, 1974 жылғы үлгідегі КСРО-паспортымен Қазақстан Республикасының азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарға уақтылы айырбастамаған адамдар және азаматтығы жоқ тұлғалардың жасаған өтініш туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Көші-қон қызметі басқармасының басшысы, полиция полковнигі Есенғали Сейсебаев айтып өткендей: «Құжатсыз адамдар, бұл көбінесе ТМД елдерінің бірінің жарамсыз төлқұжаттары бар адамдар, сонымен қатар кейбір бөлігі бұрынғы КСРО төлқұжаттарының иелері. Құжатсыз халықтың басым бөлігі негізінен Қазақстан Республикасына бұрынғы КСРО республикаларының кәмелетке толмаған жаста көшіп келген азаматтары. Жеке басты куәландыратын құжаттардың болмауына байланысты азаматтардың бұл санаты жәрдемақы алу құқығынан және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді (денсаулық сақтау, білім беру, әділет ж.т.) алудан шектелген. Сондықтан бүгінгі кездесуде нақты осы жұмыстар жайлы сөз қозғалып, шешу жолдары қарастырылды.»
Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, 2020 жылдың бүгінгі күніне дейін Түркістан облысы бойынша 1974 жылғы үлгідегі КСРО төлқұжаттардың негізіндегі (немесе олардың жоғалуы) құжаттармен — 92 және 18 жастан асқан туу туралы куәлік негізінде — 235 адам Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаттарымен құжаттандырылған.
Сонымен қатар, ҚР ІІМ-нің нұсқауы бойынша ағымдағы жылдың 25 қыркүйектен бастап Республика көлемінде өткізіліп жатқан «Учаске» жедел профилактикалық іс шарасы аясында құжаты жоқ тұлғалар анықталып, олардың жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеу үшін аулаларды аралау жұмыстары ұйымдастырылды. Яғни акция барысында 38 адам Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын анықтайтын құжаттармен құжаттандырылды.




