Түркістан облысы Келес ауданы полиция бөлімінің басшысы полиция полковнигі Қаныбеков Болат Бахадүрұлы 30 жылға жуық уақыт бойы ішкі істер саласында қызмет атқарып келеді. Алдағы уақытта келе жатқан «Қылмыстық іздестіру» күніне орай қауіпті қызметтің бел ортасында жүрген басшымен әңгімелескен болатынбыз.
Болат Қаныбеков 1969 жылы 20 наурызда ұлылардың ізі қалған әйгілі Семей өңірінде дүниеге келген. Алайда Болаттың сол аймақта туылғаны ғана болмаса, балалық шағы киелі Түркістан облысымен байланысты болды. Орта білімді 1986 жылы аяқтап, жоғарғы оқу орнына түскен білімгер, әулетінде кездеспеген маман иесі болуды мақсат тұтады. Формадағы азаматтардың иықтағы шендеріне ерекше қызығып, тіпті батылдық пен парасаттылықты бойына жинаған нағыз тұлға –полицейлер деп бағалаған жігіт, жоғарғы оқу орнын заң саласы бойынша аяқтап шығады. Осыдан кейін бозбаланың ішкі істер саласындағы елеулі еңбек жолы бастау алады.
Болаттың өміріне азық болған әке ақылы: «Атқарған ісіңе берік бол. Ешқашан ешкімнің ақысын жеме.» Төрт қыздан кейінгі өскен ұлын осылай тәрбиелеген әкесі Бахадүрдің өсиетін бала Болат ешқашан есінен шығарған емес. Қайта ата-ана аманатын ақтап, тегіне кір келтірмеуге тырысады. Жастайынан детективті кітаптарды оқып, полицияға қатысты фильмдерді жібермей көретін Болат алғашқы қызметін қылмыстық іздестіру бөлімінен бастайды. Қауіптілігі мен шым-шытырық оқиғаға толы қызметке аяқ басқанда Болат шардаралық Роза Ережепқызымен шаңырақ көтерген болатын.
— Кінәлілерді ұстап, қылмысты ашу үшін үй бетін көрмей іссапарда жүретінмін. Таңертең таң атар-атпас үйден шығып, түннің ортасында оралатынмын. Балаларымды тек ұйықтап жатқанда көретін едім. Қылмыскерді ұстау үшін қызметіміз маңызды болғандықтан демалыс күндер де бола бермейтін. Тіпті туған күнімді жоспарлап, кеш өткіземін деп отырып кештің басталғанына жарты сағат қалғанда қонақтарды тастап, басқа қалаға аяқ астынан жол жүріп кетіп қалғаным бар. Әулетімізбен мерекелерде бас қосайық деп, жұбайым «Жаңа жыл» мерекесін ұйымдастырған еді. Көптен бері көрмегендер келеді деп, асыға күтіп жүрдім. Алайда түнгі 12-ге жиырма минут қалғанда кісі өлімі орын алды деп, бірден оқиға болған жерге аттанып кеткенім де бар, — дейді жедел уәкілдік қызметтің өз қиындығымен бөліскен Болат.
Кейбір білім саласының ұстаздары 30 жыл мектепте мұғалім болдым десе, полиция басшысы 30 жыл бойы қауіпті қызметтің қазанында қайнап келеді. Ия, жедел уәкілдік қызмет кез-келгеннің оң жамбасына келетін сала емес. Бұрындары қылмыстық іздестіруді нағыз ер азаматтардың ісі деп есептеген. Әрбір тәртіп сақшысынан төзімділік пен жауапкершілікті, батылдық пен тәуекелді талап ететін қызметтің тізгінін мықтап ұстаған Болат Бахадүрұлының жетістіктері аз емес. Ол ҚР Ішкі істер министрлігі мен полиция басшылығы тарапынан қызметте үздік атанғаны үшін алғыс хаттар, тіпті іріленген Мақтаарал ауданының құрметті азаматы деген атақты да алып үлгерген. Алайда оның айтуынша ең басты өмірдегі жетістігі бұл емес, оның айрандай ұйыған жанұясы.
Қос батыр ұлдары Олжас пен Жандос және арпа ішіндегі бір дана бидайы Ақерке атты қызы бар. Білікті басшы өз балаларынан болашақта үлкен үміт күтіп, елдің алғысын алған ер азамат болуларына баулып келеді. Әсіресе әке жолын ұлы Жандос жалғамақ ниетте.
Болат Бахадүрұлы үлкен ұл мен қыздан төрт немере сүйіп отырған ата. Полиция басшысының қызметтегі бір сөзділігі, жеке бас мәдениеті мен жайдақ мінезі де әріптестері тарапынан елеусіз қалған емес. Олардың арасында сыйлы. Ал ауданның тұрғындарының қырағы қызметкерге деген алғысы ерекше. Ауыл ақсақалдары полиция басшысының бастамасымен өткізген игі шараларына, қайырымдылық істеріне ризашылықтарын жеткізіп, көрген сайын ақ баталарын арнап тұрады.
Адамды қоғам мен араласатын ортасы тәрбиелейді десек, одан кейінгі тұлға болып қалыптасуына, қызметте майталман маман ретінде танылуына ұстаздар мен шын мәнінде жаны ашып бағыт-бағдар беруші тәлімгерлердің адал еңбегі деп саналады. Ал бұл ретте Болат Бахадүрұлының қызмет кезінде қылмысты ашудағы қағидаларды ұстанып, қылмыскерді ұстаудағы өзіндік әдіс-тәсілдерді меңгерткен ішкі істер органдарындағы мұғалімдері аз болған жоқ.
«Мамандығым мен мұғалімдерімді өмір бойы мақтан тұтамын. Олардың маған берген ілімдері мен үшін жетістікке жету жолын ашып берген үлкен мектеп болды. Сондықтан Фархад Абдухаймов, Батырбек Абдуразов, Қайрат Дәлбеков, Сәкен Әбдіров, Бақыт Қарымсақов, Асылбек Орашев, Мұхтар Ермековтерді мен әрдайым кейінгілерге айтып, үлгі етіп келемін. Ұстаздарымның ақыл кеңестерін алып, олардан алған ілімнің арқасында тәжірибемді толықтырдым. Мен үшін олар әкемдей қамқор бола білді. Олардың тәлімгерлік мейірімін мен ерекше мақтан тұтамын»,- дейді ілтипатын білдіріп.
Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы деген осы болар, бүгінде Болаттың ұстаздарынан кейін қалыптасып, өмірдегі басты ұстанымына айналған тіркес: халықпен берік байланыс және қызмет ету арқылы қарапайым адамдардың алғысын алу.
Полиция басшысының айтуынша қанша күндік ұйқысыз түндер мен отбасын сағынғанды бір сәтке ұмыттырар ерекше сезім — ол халықтың шынайы алғысы.
— Зардап шеккен жандар қылмыскерлерді тапқанымызға қуанып, қызметімізге деген жылы лебіздерін арнағанда біз одан сайын жігерленеміз. Сол үшін де өз мамандығыма деген сенімім ешқашан айныған емес. Қайта мамандығымды мақтан тұтамын. Бүгінгі күнге дейін бір саланың тізгінін ұстап, басшылыққа өтуім осының жемісі деп есептеймін.
Өзінің өмірлік түйгені мен еңбек етудегі тәжірибесіне сүйенген басшының мамандыққа байланысты өз айтары бар: «жедел уәкіл болғандықтан өмірбойы қылмыскерлерді біз қуып келеміз, олар қашып келеді. Оларды құрықтауда іссапарларға жиі шығамыз. Аудандарды аралаймыз. Жедел уәкілдің аймағында тіпті байқамай өтіп кететін қуыс болмайды. Қай жерде не бар бәрінен хабардар болып жүреміз. Жүрісі көптің шығыны да аз болмайды. Ал бүгінгі жас мамандардың кейбірі мұндай талаптарға келісе бермейді. Қызметтің қауіптілігін сезінгенде айлығы жоғары жұмысқа ауысып кетіп жатады. Сондықтан біздің жедел уәкілдік қызмет те тасада қалмай, заман ағымымен алға жылжыса дейміз. Жалақыны көтеріп, ілімі бар сауатты, спортпен шынығатын және талабы мықты мамандарды қызметке тартсақ деген ой бар. Жағдай жақсылап жасалынса, жедел уәкілдер де өз қызметін мінсіз атқаруы тиіс. Ал ол үшін бірінші кезекте ерте тұрып, кеш жату керек! Халық қызметкерлерге сене білуі қажет. Халық сеніміне ие болсаң ғана жетістікке жол ашылады. Оған қоса уақытпен санаспай, жұмысты жедел әрі тиянақты атқаруға тырысу керек. Сыпайылық пен әдептілік те назардан тыс қалмаған дұрыс. Сонда барып бұл қызметтегі төгілген тер ақталып, жұмыс бағаланады.»
Осылайша жемісті еңбек етіп, жетістікке жеткен маманмен болған әңгімеміз аяқталып, өз уақытын бөлген басшыға алғысымызды жеткіздік. Бар ынта-жігерін қызметіне арнап, биікке өрлеген Болат Бахадүрұлының елімізге қашанда адал қызмет ете беруіне тілектестігімізді жеткіздік.
Алдағы келе жатқан «Қылмыстық іздестіру күні» баршамызға құтты болсын! Еліміз тыныш, заманымыз бейбіт болғай!
Г.Абдужаппарова
Түркістан облысы Полиция департаменті




