Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел бөлімшелерінің қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шараларын жүргізді, соның нәтижесінде есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты бірқатар қылмыстардың жолын кесті.
Мәселен, жүргізілген іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан ҚПБ жедел уәкілдері облыс орталығы тұрғынының ауласынан құрамында есірткі бар өсімдік егістігін тапты. Полиция қызметкерлері тінту кезінде күдіктіден қарасораға ұқсас есірткі заты бар 9 түпті тәркіледі. Заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Қорытындыға сәйкес, алынған өсімдік түптері «қарасора» болып шықты.
Тергеу жергілікті тұрғынға қатысты ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Күдікті қолхатта.
Ал Келес ауданында тәртіп сақшылары шекара маңындағы бақылау-өткізу бекеті арқылы гашишпен түйіншек алып өтуге тырысқан есірткі контрабандасы бойынша күдіктіні ұстады. Жедел уәкілдер жүк көлігінің жүргізушісінен, яғни Өзбекстан азаматынан автокөлігінен 2 грамнан астам гашиш тауып алып, тәркіледі.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналымнан алынған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталуда — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды жасағаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертеді. Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға және зиянды әдеттерден бас тартуға шақырады. Егер, сіз де, осындай қылмыстар туралы қандай да бір ақпарат болса, тез арада полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




