Қазіргі таңда карантин режимі енгізілгеніне байланысты Мақтаарал АПБ-ның қызметкерлері тұрақты түрде рейдтік шаралар жүргізуде. Осыған қарамастан, облыс тұрғындары ағайын-туыс, дос-жарандарын шақырып, ұлан-асыр той жасауларын тоқтатар емес.
Мәселен, Мақтаарал АПБ-ның қызметкерлері кешкі сағат 21:00 шамасында жергілікті тұрғынның үйінде үйлену той өткізіп жатқанын анықтады. Тойға 100-ге жуық адам жиналған. Мобильдік топ мүшелері жиналған жұртшылыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тойды дер кезінде тоқтатты.
Тәртіп сақшылары той иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу» бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін Мақтаарал аудандық СЭББ-ға жолдады — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауды, басқосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді. Карантин ескерілмей, құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан немқұрайдылық танытпай, өз саулықтарыңыз үшін карантин талаптарын ұстанғандарыңыз жөн.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




