Түркістан облысы Полиция департаменті Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің екі қызметкері аумақтарды аралап, рейдтік жұмыстарды жүргізу барысында бір шақырым жерден өрттің шығып жатқанын байқайды, деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция майоры Мырзагелді Жандос пен учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Тұрсынбек Медет оқиға орын алған жерге тездетіп жетеді. Белгілі болғандай тоқ реттеуіш (трансформатор) жанып жатыр екен. Осылайша екі полицей өз күштерімен өртті ушықтырмау үшін сөндіруге кіріседі. Отты сөндіру үшін топырақ шашып, дер кезінде ауыздықтайды.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары тоқ реттеуіш (трансформатор) толығымен жанып кеткен жағдайда, 70 -тен астам үйде жарық сөніп, әбігерлікке салынар едік. Тілсіз жауды ауыздықтаған және оқиға орнына дер кезінде жеткен қызметкерлерге алғыстарын айтты.
Ал учаскелік полиция инспекторлары болса, қазіргі кезде өздеріне белгіленіп берілген аумақтың тыныштығын күзету, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.
Олар: «Әрдайым жұмыс барысында халықпен тығыз қарым-қатынас орнатамыз. Аумағымызда қылмыстар орын алмас үшін үйлерді аралап, көз жеткізіп шығамыз. Сондай-ақ олардың мәселелерін тыңдап, жағдайды үнемі бақылауда ұстаймыз. Халыққа әрдайым көмек беріп, қолдау көрсету біздің азаматтық борышымыз.» – дейді полиция инспекторлары.




