Түлкібас АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша белгісіз тұлға оның автотұрақта тұрған «VOLVO» маркалы жүк көлігінің артқы бөлігінен 2 дана аккумуляторын, «DAF» маркалы жүк таситын көлігінен құрал-саймандар жәшігін ұрлап кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркеліп, СДТТБТ-не енгізілді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 400 000 теңгені құрады, деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Аудандық полицейлер қылмыстың ізін суытпай ашу мақсатында қажетті іс-шараларды жүргізді. Тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орындары мұқият тексерілді. Полицейлер куәгерлерден жауап алып, бейнебақылау камераларын қарап, жақын аймақтарды аралап шықты. Нәтижесінде полицейлер 1 тәулік ішінде осы қылмысқа қатысты күдіктіні ұстады. Ол автотұрақта қарауыл болып жұмыс істейтін жергілікті тұрғын болып шықты. Өз кінәсін толық мойындап отыр.
Тергеу барысында анықталғандай күдікті бұл жерге жұмысқа тұрғанына енді 1 ай болады екен. Содан жеңіл жолмен ақша таппақ оймен бір түнде көліктің аккумуляторын, құрал-сайман жәшігін жымқырған. Ұрланған аккумуляторды Шымкент қаласында 35 000 теңгеге сатып, ақшасын өз пайдасына жаратқан. Ал, жасырып қойған құрал-саймандар жәшігін полицейлер, күдіктінің үйінен тауып, тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға көліктеріңізді қараусыз қалдырмаңыздар, тек сенімді адамдарға тапсырыңыздар деп кеңес береді. Сондай-ақ автокөліктеріңізге дабыл белгісін орнатыңыздар. Аулаларыңызға бейнебақылау камералары мен дабылқақыш қойғызыңыздар деп ескертеді.




