Қазығұрт АПБ-ға жергілікті тұрғын өзінің 3 жасар ұлының жоғалып кеткендігі жөнінде арызданған. Содан соң тәртіп сақшылары хабар жетісімен жолға шығып, оқиға орнына келді. Баланың анасынан барлық мән-жайды сұрап, баруы мүмкін деген аймақтардың барлығын тексерді. Туған-туыс, көршілерінің үйіне барып, жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде тұрғылықты үйінен бір көше беріден жоғалған бүлдіршінді тауып, анасына аман-есен табыстады.
Белгілі болғандай анасы үлкен қызы мен 3 жасар ұлын үйіне қалдырып, базарға шығып кеткен. Арада бірер сағат өткеннен соң үйіне келгенінде ұлының жоқтығын көрген. Осылайша оны өз бетінше іздеген. Алайда еш нәтиже шықпағаннан соң тәртіп сақшыларына хабар берген. Ал полиция қызметкерлері аз уақыттың ішінде жоғалған баланы тапты.
Осындай полицейлердің тыңғылықты атқарған қызметтеріне риза болған тұрғын: «Базарға азық-түлік алуға шығып кеткен болатынмын. Ұлымды қызыммен бірге қалдырған едім. Базардан келсем балам үйден шығып кетіпті. Өзім іздеп таппай, полиция қызметкерлеріне хабарластым. Олар бірден тауып берді. Тәртіп сақшыларына үлкен рақмет!»-деп, аналық алғысын жаудырды — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өз балаларын қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Егер де, сіз, осындай жағдайларға тап болсаңыз өз бетіңізше іздеп уақыт жоғалтпастан, бірден полиция қызметкерлеріне хабарласыңыз. Неғұрлым тезірек хабар берсеңіз, соғұрлым балаларыңызбен ертерек табысасыздар!
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




