Түркістан облысының полицейлері есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алып, болдырмау мақсатында бірқатар рейдтік-профилактикалық іс-шараларды өткізуде. ТО ПД Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен осындай кезекті профилактикалық жұмыс кезінде есірткіге қатысты қылмыс бойынша хабарлама келіп түседі. Хабарламада тұрғындардың бірі есірткі затын тұтынып әрі сақтайды делінген.
Ақпарат алысымен кәсіби шеберлігі басым, қырағы бәйдібектік полицейлер жүйелі жұмыс жүргізіп, күдіктінің үйін, жеке басын анықтады. Оның ауласына тінту жүргізу барысында әжетханасының шатырына жасырынған есірткіге ұқсас хош иісі бар пакетке салынған жасыл түсті, хош иісті ұнтақталған, кептірілген өсімдік табылып, айғақты зат ретінде алынды. Қазіргі таңда күдікті азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс» тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Тиісті сот-сараптамасы тағайындалды. Сараптама қорытындысымен алынған өсімдік 14 грамға жуық «кептірілген марихуана» болып шықты — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Облыс тұрғындарына ескертеміз, есірткі атаулыға мүлде жоламаңыздар! Өз саулықтарыңыз үшін салауатты өмір салтын қалыптастырып, жаман әдеттерден аулақ болыңыздар. «Ғасыр дерті» саналған есірткіні тасымалдау, сақтау, сату, пайдалану – бәрі қылмыс. Ал Түркістандық тәртіп сақшылары осы қылмысқа тосқауыл қою мақсатында, алдағы уақытта да табанды жұмыс жүргізе бермек.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




