Мақтаарал АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Жәбірленуші жас қыздың айтуынша Мақтаарал ауданы Атакент кентіндегі көшелерідің бірінде түнгі сағат 01:35 шамасында өзінің шаруаларымен келе жатқан. Осы сәтте белгісіз азамат құны 80 000 теңге тұратын «Самсунг Галакси А51» маркалы ұялы телефонын тартып алуға оқталып, қылмыстық іс-әрекетін соңына дейін жеткізе алмай оқиға орнынан қашып кеткен. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Оқиға орнына Мақтаарал АПБ тәжірибелі тәртіп сақшыларынан құрылған жедел-тергеу тобы жіберілді. Күдіктіні ұстау мақсатында, тәртіп сақшылары жақын маңдағы аумақтарды мұқият аралап, куәгерлерден жауап алып, ашық түрде тұрғынды тонамақ болған күдіктіні ұстауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырды. Полиция қызметкерлерінің тиянақты жұмыстарының нәтижесінде күдікті ретінде жергілікті тұрғынды ұстады. Қазіргі таңда күдікті азамат қамауға алынып, аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай жәбірленуші қыздың түнгі ауысымда жұмыс жасайтын құрбысы жанына келуін сұраған. Осыған байланысты жаяу келе жатқан сәтінде бейтаныс азамат өзіне күш көрсету арқылы ұялы телефонын тартып алмақ болған. Алайда бөтен бірнеше адамның келе жатқанын көріп, оқиға орнынан қашып кеткен.
Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері тұрғындарды сақ болуға шақырады. Беймезгіл уақытта жалғыз сыртта жүрмеу қажеттігін ескертеді. Егер, сіз, осындай жайттардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз тез арада «102» нөміріне хабарласыңыз.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




