Мақтаарал АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда таңғы сағат 09:00 шамасында өзінің тұрғылықты үйінің ауласындағы тапшанның үстінде тұрған «Айфон 11» маркалы ұялы телефонын белгісіз азамат жасырын түрде жымқырып кеткен. Жәбірленуші әйелге келтірілген жалпы шығын көлемі 350 000 теңгеден астам. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Хабар алысымен полиция қызметкерлері оқиға орнына толық құрамда шығып, ұрлық жасаған күдіктіні ұстауға бағытталған шаралардың барлығын жасады. Көршілерден, көрген-білгендердің барлығынан жауап алып, айналаны мұқият тексерді. Нәтижесінде күдікті ретінде Өзбекстан Республикасының азаматы ұсталды. Айғақты зат ретінде ұялы телефон тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай күдікті азамат қырыққабат сату мақсатында жәбірленушінің ауласына кірген. Үйінің есігін ұрып, дауыстап шақырған. Алайда ешкім жоқ болған соң, сыртта тұрған ұялы телефонға көзі түскен. Осылайша оңай жолмен ақша табуды көздеп, телефонды алып кеткен. Бірақ полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында теріс пиғылы іске аспады.
Құрметті аудан тұрғындары! Ұялы телефонды ұқыпсыздықпен кез-келген жерге қалдырып кетуге болмайды. Ал егер телефоныңыз ұрланғанын білсеңіз, тез арада полицияға хабарласыңыз. Бұл қылмыстың “ізін суытпай” ашуға ықпал етеді.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




