Күн ысып, жаз айы келгенде оқушылар да демалысқа шығады. Ойын-сауық құрған жас жеткіншектер бос уақыттарында тұрғылықты жерлеріндегі үлкен-кішілі өзен-көлдерге суға шомылу маусымын ашып, тіпті белгіленбеген жерде суға түсіп жатады. Десекте, қай жерде шомылсаңызда ешқашан судағы қауіпсіздік ережелерін естен шығармаңыз. Әрбір ата-ана әсіресе балаларды суға шомылуға жалғыз жібермеу керек, ал шомылуға тыйым салынған жерлерде мүлдем суға түсуге болмайтынын ұғындыру қажет.
Осы бағытта Бәйдібек АПБ-ның полицейлері Төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, Шаян өзені жағалауында аудан тұрғындарына қауіпсіздік шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, күнделікті рейдтік іс-шараларын жүргізуде — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Аталған тексеру жұмыстарының нәтижесінде құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдер анықталды. Яғни олар өздерінің әке-ағаларымен бірге шомылуға болмайтын орында суға түскен. Аталмыш деректер бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабымен «Жалпы су пайдалану ережелерін бұзу» 14 жайт тіркеліп, оларға әкімшілік хаттама толтырылды.
Құрметті облыс тұрғындары! Егер азаматтармен белгіленбеген орындарда суға түсу деректері анықталса, әкімшілік шара қолданылатынын ескертеміз. Кез келген, су арықтарына, өзен-көлдерге, яғни белгіленбеген орындарға суға түспеңіздер. Балаларыңызға сақтық шараларын айтып, түсіндіріп отырыңыздар. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар!
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




