Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданған. Ол әйелдің айтуынша, базарлардың бірінде азық-түлік заттарын алып жүргенде, сөмкесіндегі ұялы телефонын белгісіз біреулердің жымқырып кеткенін жазып көрсеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеп, қылмыстық істі ашуға бірден бағытталды. Келтірілген шығынның көлемі 60 мың теңге.
Хабар алысымен тәртіп сақшылары жақын аумақтағы барлық бейнекамераларды тексерді. Күдікті базар аумағынан көп ұзамаған екен. Нәтижесінде полицейлер сезіктіні «ізін суытпай» небары 3 сағат ішінде ұстады. Күдікті әйел Кентау қаласының тұрғыны болып шықты. Айғақты зат ретінде қолды болған ұялы телефон тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Күдіктінің бас шарасы қолхатта — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Өз кезегінде полицейлер тұрғындарды сақ болуға шақырады. Ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» нөмері арқылы полиция қызметкерлеріне хабар беріңіздер.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




