Кентау ҚПБ полицейлері қала мен оның аумағындағы ауыл-аймақтарды аралап, қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау мақсатында рейд жүргізді. Осындай кезекті жұмыс күнінде полицейлер Ескі Иқан ауылында жолды айналып, басқа да көліктердің жүруіне кедергі келтірген Ресей Федерациясынан әкелінген «ВАЗ 2106» көлігін көреді.
Оған полиция қызметкерлері тоқта деген белгі беріп, арнайы хабарлап тоқтатуға тырысқанымен, жеңіл көлік жүргізушісі 20 минут бойы көлігімен қашып, ақыр соңында белгісіз бір үйге жасырынып қалады.
Ол үйден белгісіз басқа жас жігіт шығып, полицейлерді балағаттап, олардың қызметіне кедергі келтіре бастайды. Оған қоса бейнекамераға түсіріп, дөрекілік танытады. Аталған азаматқа полицейлер тарапынан тиянақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді және бүгінде оған қатысты ҚР ҚК-нің 378-бабы «Билік өкiлiн қорлау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар Кентау ҚПБ-ның полицейлері тексеру кезінде заңды талапқа бағынбай көлігімен қашқан «ВАЗ 2106» көлігінің терезесі күңгірттелгенін анықтады. Яғни Ресей Федерациясынан әкелінген көлік жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» 5 және 9 бөлігімен және ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы «Ішкі істер (полиция), көліктік бақылау органдары қызметкерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автокөлік құралдарын өткізу пункттерінде және Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінде, әскери полиция органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару» бойынша хаттама толтырып, жауапкершілікке тартты.
Түркістан облысы полицейлері барша азаматтарға жол ережесін мұқият сақтауға, тәртіпті бұзбауға және өз қызметтік міндетін атқаруға келген билік өкілдерінің заңды талабына бағынуға кеңес береді.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




