Бүгінде елімізде «Бақытты отбасы — отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» республикалық акциясы өтуде.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы халықты ақпараттандыру, олардың сенімін арттыру, қоғамдық отбасының рөлін нығайту мақсатында өтіп жатқан іс-шара барысында полиция қызметкерлері үлгілі отбасылардың шаңырағында болып, сый-сияпат жасады.
Акция аясында Созақ АПБ ӘЗЗҚТ инспекторы полиция майоры Айжан Манапова, «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы М.Қарғабай, Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығының заңгері М.Маметханова, психолог С.Қолдасова көпбалалы отбасылардың үйлеріне арнайы барып құттықтады.
Жеткіншек ауылында тұратын Азамат Байжұманұлы Шолаққорған ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебінде күзетші болып еңбек етеді. Жұбайы Гүлдария Жандарбекова екеуі сегіз баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отыр. Отбасының үлкені Дулат студент, Аружан, Асылжан, Айназ, Жұлдыз Жанерке мен Айкөркем мектеп оқушылары болса, үйдің кенжесі Дияр бес айлық нәресте.
Сегіз перзенттің анасы Гүлдария бүгінгі таңда аудандағы ең жас, әрі көпбалалы аналардың бірі. Алтын құрсақты ананың кеудесінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» медальдері қосарлана сыңғырлайды.
Аудандық полиция бөлімінен барған азаматтарға бақытты отбасы иелері ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.




