Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында, Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері діни сипаттағы аудиожазбалардың таралуының 5 дерегін анықтады. Яғни, полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде, тыйым салынған материалдарды өздерінің жеке парақшаларына жариялаған пост авторларын анықтап, ұстады. Олардың 4-еуі Түркістан қаласының және 1-еуі Созақ ауданының тұрғыны болып шықты. Оның ішінде екеуі деструктивті діни ағымның жақтаушылары.
Аталған жайттар СДТБТ-де ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабы 2-бөлігі «Бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін, сол сияқты өзге де өнімді Қазақстан Республикасының аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату» бойынша тіркелді. Тәртіп сақшылары осы деректер бойынша жинақталған іс-құжаттарын тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолдады. Нәтижесінде, әкімшілік соттың қаулысымен тәртіп бұзушылардың әрқайсысына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері діни сипаттағы тыйым салынған материалдарды сақтағаны және таратқаны үшін сотпен 6 адам жауапқа тартылып, оларға 350 мың теңгеден астам айыппұл салынған.
Өз кезегінде Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері ескертеді: мұқият болыңыз және күмәнді сайттар мен топтарға кірмеңіз. Егер, сізде, осындай құқық бұзушылықтар туралы қандай да бір ақпарат болса, тез арада полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




