Карантин талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында, Түркістан облысында күнделікті тұрақты түрде іс-шаралар жүргізілуде. Осы тұста Қазығұрт АПБ-нің қызметкерлері рейдтік жұмыстар атқаруда. Олар аудандағы тамақтану орындарына, сауда үйлеріне, азық-түлік дүкендерінде, адам көп шоғырланатын орындарда карантин талаптарының сақталуын қатаң түрде қадағалауда.
Аталған шара барысында, адам көп жиналатын аймақтарда медициналық бетпердесіз жүрген 2 азамат анықталды. Оларға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша тиісті материалдар топталып, құжаттар заңды шешім қабылдау үшін Қазығұрт аудандық СЭББ-ге жіберілді — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар карантин режимін бұзып, көпшілікті жинап, той жасаушылардың да саны азаяр емес. Бірі 100-ден астам адамдарды жинап той жасаса, енді бірі 200-ге жуық туыстарын жинап, қызын ұзатып жаттыр. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау мақсатында СЭББ-ге жолданды.
Осы тұста айта кетер жайт, Қазығұрт ауданы аумағында мобильдік топтар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша жыл басынан бері карантин талаптарын бұзудың 61 жайтын анықтады, оның ішінде көкпар ойынын ұйымдастыру бойынша 10 жайт тіркелсе, көпшілікті жинап той-жиын ұйымдастыруға қатысты 18 дерек, қалған 33 жайт медициналық бетпердесіз жүрген тұрғындар.
Түркістан облысы Полиция департаменті карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтар тиісті жазаға тартылатынын ескертеді. Сондықтан Бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын қатаң сақтау, бетперде кию және арақашықтықты сақтауды естен шығармаңыз.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




