Түркістан облысы Полиция департаменті Келес аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өзгелерге үлгі боларлық үлкен қайырымдылық іс-шарасы өткізілді. Мейірімділік пен қамқорлыққа бастайтын шарада полиция қызметкерлері бірауыздан келісіп, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдан келгенше көмектесуді құптайды. Бір-бірінің бастамасын қолдап, өз еріктерімен қаржыларын жинақтайды. Осылайша, тиісті қаражаттарына тұрмысы төмен 21 отбасыға азық-түлік, балаларға арналған мерекелік сыйлықтарын алып, олардың үйіне арнайы барып тарту етті.
Бұл іс-шара жеке құрамның халықпен тығыз байланыста болуына бастайды. Полицейлерден жан жылытар қамқорлықты сезінген тұрғындар игі іске ұйытқы болған жандарға өз алғыстарын білдірді. Тіпті тұрғындар арнайы үйлеріне келген Келес АПБ бастығы полиция полковнигі Болат Қаныбековке қол жайып, ақ баталарын беріп жатты.
«Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне үлкен алғысымызды айтамыз. Бізге мерекелік дастарханға арналған азық-түлік пен балаларымызды қуантып, сыйлықтарын табыстап жатыр. Сондықтан сіздердің жұмыстарыңызға табыс тілейміз!»-деп ыстық ықыластарын жеткізді-деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Облыстың әрбір полиция бөлімінде осылай дәстүрге айналған игі шараларды өткізу жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Қоғамдық тәртіптің күзетілуімен қатар, халыққа жанашыр да қамқор болу мақсатында алдағы уақытта да полицейлер тарапынан өз жалғасын таппақ. Тәртіп сақшылары кез-келген қиын шақта тұрғындардың жағдайы жақсаруы үшін кішкене де болса өз үлестерін қосып, қайырымдылықтың, адамгершіліктің жарқын үлгісін көрсетуде. Ең бастысы, еліміз тыныш, халқымыз аман, бауырымыз бүтін болсын.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




