Жаңа жылдық шыршаны әрбір бала жыл сайын асыға күтеді. Себебі дәл осы Жаңа жылда Аяз ата мен Ақшақар балалардың көңілін көтеріп, сыйлық береді. Мереке қарсаңында осы дәстүрді жалғастырған Түлкібас АПБ-нің қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленетін «Түлкібас мүгедек балаларды оңалту орталығына» барды. Осылайша, полиция бөлімі басшылығының бастамасымен ерекше балаларға арналған шағын мерекелік шара ұйымдастырылды. Осында ем қабылдайтын балақайлар қонақтарға арнап өнерлерін паш етті, қызықты оқиғаларымен бөлісті. Сонымен қатар полиция қызметкерлерімен бірігіп «Жаң жыл» әнін шырқады. Ал, полицейлер балалармен ашық сұхбат құрып, оларды мерекемен құттықтады, балаларға базарлық ретінде ойыншықтар мен тәттілерін сыйлап, қуантты-деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Іс-шара соңында мемлекеттік мекеменің бастығы Толқын Рысқұлқызы, Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне өз алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тілеп, мерекелерімен құттықтады. «Қарбаласқа толы қызметтеріңізге қарамастан, уақыттарыңызды бөліп, біздің балалармен бірге болғандарыңызға рақмет! Сіздердің де отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға абырой тілеймін!»-деп атап өтті орталықтың басшысы.
Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері үшін балалар үйінің, әлеуметтік орталықтардың қамқорлығына алынған балаларына қолдау көрсету, мерекелік көңіл-күй сыйлау, олардың өмірге деген қызығушылығын арттыру, олармен дос болу бағытында іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Ең бастысы балалаларымыз әрқашан осылай қуанып, шат-шадыман болып жүрсе болғаны!
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




