Полицейлер — қашанда ел тыныштығын сақтап, адамдар өмірін қорғап, қандай да бір қылмыстардың алдын алу, болдырмау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде күнделікті жұмыстар атқарып, түрлі адамдармен бетпе-бет келіп жатады. Арасында заңды талаптарға сай әрекет ететіндер мен ештеңеге қарамастан дөрекілік танытып, қарсылық білдіретіндері де кездесіп тұрады. Бұлай деуімізге төмендегі жайт дәлел болмақ.
Түлкібас АПБ-нің ЖПҚ ППТ-ның қызмет инспекторы полиция лейтенанты Қадыр Медетхан өзіне бекітілген аумақта патрульдеу кезінде Т.Рысқұлов ауылының Т.Рысқұлов көшесі бойында қауіпсіздік белдігін тақпай келе жатқан «Приора» маркалы көліктің жүргізушісін тоқтатады. Заң аясында өзін таныстырып, не себепті тоқтатқанын жеткізе бергенінде, тұрғын өзінің теріс қылығын көрсете бастайды. Көлігіне отырып, қатты жылдамдықпен қос тұтас жолақты кесіп өтеді. Содан қайта келіп, билік өкіліне қарсы негізсіз айыптаулар тағып, аузына келген былапыт сөздермен қорлайды. Бұл жағдайлардың барлығы полицейдің бейнежетонына жазылған. Осыған байланысты құқық бұзушы ер адам АПБ-не жеткізілді. Көлігі айыптұраққа қойылды-деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 6 бірдей бабымен хаттамалар толтырылды. Нақтырақ айтсақ, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 2-бөлігімен, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны үшін 612-бабы 2-бөлігімен, сақтандыру полисінсіз басқарғаны үшін 230-бабы 2-бөлігімен шара көрілді. Техникалық байқаудан өткізбей көлік басқарғаны үшін 590-бабы 9-бөлігімен, қос тұтас сызықты кесіп өткені үшін 596-бабы 5-бөлігімен жауапқа тартылды. Ал, полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін 667-бабы 1-бөлігімен айыппұл салынды.
Жалпы, Түлкібас АПБ-нің қызметкерлері мобильдік топтармен бірлесіп, аудан көлемінде тұрақты рейдтік-профилактикалық іс-шараларды жүргізуде. Осындай атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері 12 630 әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша 59 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Қазіргі уақытта аудан көлемінде қосымша рейдтік жұмыстары ұйымдастырылуда. Сондықтан, заң талаптарына бағынып әрекет етіңіздер!
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




