Созақ аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен тәрбие жұмысын ұйымдастыру, моральдық-психологиялық тұрақтылық, рухани-адамгершілік негіздерін нығайту, жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты арттыру мақсатында Созақ АПБ-нің бастауыш ардагерлер ұйымының мүшелерінің қатысуымен кездесу өткізілді-деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Аталған іс-шараға Созақ АПБ бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полиция майоры Дуанаев Беркінбай, отставкадағы полиция подполковнигі Құлманбетов Бердірахман, отставкадағы полиция подполковнигі Елібаев Дәуірбек және басқа да зейнеткерлер арнайы келді. ІІО ардагерлері жас полицейлерге заңдылық, құқықтық тәртіп, жеке құрамды патриоттық рухқа, азаматтылыққа, тәртіпке тәрбиелеу негізіндегі ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді.
Осы секілді іс-шара Жетісай ауданында да жалғасын тапты. Мұнда Жетісай АПБ-де тәжірибелік дәріс алып жатқан ҚР ІІМ Алматы, Қарағанды, Қостанай академияларының 4-курс курсанттары, полиция бөлімінің жас мамандары, оларға бекітілген тәлімгерлердің, сондай-ақ ІІО-ның ардагерлері, аудандық теолог-маманның қатысуымен келелі кездесу ұйымдастырылды. Жиынның басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің арасындағы жас мамандарды Отансүйгіштікке баулу, болашақта өз кәсібінің нағыз маманы болуға ынталандырып тәрбиелеу болып табылады.
Оған қоса, Сарыағаш ауданы полиция бөлімінің мәжіліс залында да осы бағыттағы кездесу өткізілді. Іс-шараға Сарыағаш ауданы ІІО ардагерлер кеңесінің мүшесі Нұржан Пернебаев арнайы шақыртылды. Бейнетінің зейнетін көріп, бүгінде зейнеткерлік демалыста жүрген ардагер, қиын да қауіпті саланы таңдап, тәжірибеден өтіп жүрген жас мамандарға күнделікті өздерінің жұмыстарын атқару барысында ҚР ІІМ-нің бұйрықтарын, ҚР Заңдарын сақтап еңбек ету керектігін түсіндірді.
Аталмыш шараларда ардагерлер бірнеше мәселеге тоқталып, жас мамандардың көкейлерінде жүрген сұрақтарына толыққанды жауаптар берді.
Жалпы мұндай ерекше кездесулердің ішкі істер саласына енді орналасқан жас мамандарға берері мол. Себебі,өздерінің қиын да қауіпті қызметтері жайлы тірі аңыздардан мағлұматтар алып, оларды көзбен көріп, ардагерлермен тілдесіп, жақсы жағынан ой түйіндейді. Сондықтан да бұндай кездесулер Түркістан облысы полицейлері тарапынан тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрмақ.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




