Түркістан облысының полицейлері республикалық «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясын қарқынды өткізуде. Акцияның негізгі мақсаты — әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың жолын кесу, ана мен баланы қорғауға, қоғамдағы отбасының рөлін күшейтуге бағытталған. Осыған байланысты Созақ ауданы аумағында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды-деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Мәселен, Созақ аудандық полиция бөлімінің әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция майоры Манапова Айжан бастаған әкімнің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия біргелікте бірқатар көпбалалы отбасылардың үйлеріне арнайы барып, мерекемен құттықтап, сый-сияпаттарын табыс етті. Аудандағы 50-ден астам отбасының жай-күйі тексеріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Коронавирус індетінің алдын алу мақсатында медициналық бетперделер таратылды.
Осы бағыттағы жұмысты Жетісайлық тәртіп сақшылары жалғастырды. Жетісай АПБ ЖПҚ ӘЗЗҚТ-ның аға инспекторы полиция капитаны Жанна Шалбекованың тікелей ұйымдастыруымен отбасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында Жетісай қаласындағы мектеп-гимназиясының бірінде оқушылардың қатысуымен «Біз бақытты отбасымыз» тақырыбында өлеңдер айтып,отбасылық құндылықтар дәріптелді. Оған қоса онлайн режимі арқылы, яғни қашықтықтан тапсырма беріліп, түрлі суреттер салынды.
Сонымен қатар, Жетісай АПБ-нің қызметкерлерімен Жетісай ауданындағы жағдайы төмен, қолайсыз отбасыларға көмек беру мақсатында көпбалалы отбасылардың біріне арнайы барып, қал-жағдайларын сұрап, ұл-қыздарының сабаққа онлайн қатысу тәртібімен танысып, азық-түліктер табыс етілді. Бұдан бөлек, Жетісай қаласы көшелерінде әйел азаматшаларға «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» белгісі бар бетперделер тегін таратылды. Және де, «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы негізінде Жетісай қаласындағы С.Қожанов және М.Әуезов көшелері бойында баннерлер ілінді.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




