Мақтарал АПБ-нің кезекші бөліміне ауылдардың бірінде жергілікті тұрғынның малы ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы бірден қылмыс орнына жетті. Полицейлер анықтағандай, түнде ауыл тұрғынының қорасына белгісіз тұлға кіріп, әрқайсысының құны 50 мың теңге болатын 3 қойын жымқырған.
Сол түні аудандық полиция бөліміне тағы бір ауыл тұрғыны арызданады.Оның айтуынша ұрылар ауласынан екі қазанын қолды етіп, 45 мың теңгеге шығын келтірген.
Аталған жайттарды полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша Мақтарал АПБ-нің СДТБТ-не тіркеді.
Ұрлық қылмыстарының «ізін суытпай» ашу мақсатында тәртіп сақшылары жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәгерлер мен көршілерден сұрастырды, үй малын тасымалдайтын автокөліктер мен базарларды тексерді, сондай-ақ басқа да шұғыл шараларды жүзеге асырды.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Мақтаарал АПБ-нің полиция қызметкерлері ұрлық жасаған күдіктіні ұстады. Ол көрші ауылдың тұрғыны болып шықты.Күдікті өз кінәсін толық мойындады-деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті түнгі уақытта адамдардың жоқтығын пайдаланып, байқатпай аулаға кіріп, мал мен ас үй ыдыстарын ұрлап кеткен. Содан кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Полиция тәркіленген мүліктің бір бөлігін заңды иелеріне қайтарып берді. Күдікті қамауға алынды. Бөтеннің мүлкін ұрлау жайттары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, жас жігіттің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Қылмыстық қолсұғушылықты болдырмау үшін Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз мүлкін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Мүмкіндігінше, қора-жайларыңызды сенімді қоршаумен нығайтып, жақсы жарықтандыруды ескеру қажет. Егер сіз бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада 102 телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




