Облыс автожолдарында қалыптасқан жедел жағдайды жақсарту, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 2020 жылдың 18-20 қараша күндері аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Осы тұста Созақ АПБ жеке құрамымен Созақ ауданы көлемінде іс-шараның 2 тәулігінде 160 құқық бұзушылық анықталды-деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Іс-шараны өткізу кезінде Созақ ауданы полицейлері күшейтілген қызмет түріне көшірілді. Ауыл-қала, елді мекендерден шығатын және кіретін жолдардың барлығына жылжымалы нарядтар қойылды. Жеке құрам негізінен жол ережесін қасақана өрескел түрде бұзушыларды анықтауға бағытталды. Оның ішінде қауіпсіздік белдігін қолданбау, ұялы телефон пайдалану, басып озып кету, автокөліктерді масаң күйде басқару, жолдың қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу, маневрлау, көше қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өтпесінен өту жағдайларымен байланысты жасалған құқық бұзушылықтарға аса көңіл бөлінді.
Осындай мақсаттағы жұмысты атқару кезінде Шолаққорған ауылы Абылайхан көшесінің бойында полиция капитаны Марат Тукушов пен полиция капитаны Таңатар Абдраймов «Фольксваген Пассат» маркалы автокөлігін жол қозғалысы ережелерін бұзып келе жатқандығы үшін тоқтатады. Алайда құқық бұзушы тұрғын полицейлердің тоқта деген белгісіне қарамай, тоқтамастан кете береді. Осылайша заңды талаптарға бағынбаған тұрғынды полицейлер соңынан жүріп отырып, тұрғылықты мекен-жайына келген бетінде ұстайды.
Тексеру кезінде жүргізушінің мас халде көлік басқарғаны анықталды. Көлігі айыптұраққа қойылды. Мас жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен «Жүргізушінің алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан масаң күйдегі көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан мас күйдегі адамға беру» әкімшілік хаттама толтырылды. Полиция жиналған материалдарды заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберді. Аудандық сотының шешімімен жүргізуші 7 жыл мерзімге автокөлік құралын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға ішімдік ішіп көлікбасқармауды ескертеді. Оған қоса ауа-райының салқындауына байланысты жолда барынша сақ болыңыздар деп кеңес береді.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




