Түркістан облысында карантин талаптарының сақталуына байланысты күнделікті рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Карантин режимін сақтамағандарға хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынуда. Осыған байланысты Түркістан облысында карантин кезінде ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша 5546 құқық бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде 4370-іне айыппұл салынған, Ал, той-жиындар ұйымдастырғандары-506.
Осы тұста айтып өтер болсақ, Арыс ауданының полицейлері қарқынды қызмет атқаруда. Біршама олқылықтарды анықтап, заң аясында шара көруде. Мәселен, тексеру шаралары барысында Арыс қаласының белгілі көшелерінің бойында орналасқан тойхананың жұмыс жасап тұрғаны белгілі болды-деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар, көптеген адамдардың басын қосып той жасаушыларда тоқтар емес. Оған дәлел Келес ауданының тұрғындарының бірі үйіне таныстарын, туыстарын жинап «Беташар» той жасап, карантин талаптарын өрескел бұзған. Сондай-ақ, Шардаралық тұрғындар да қалысар емес. Шардара қаласының тұрғыны да туыстарын жинап құдалық той жасағаны анықталды.
Қазіргі уақытта осындай әрекеттермен карантин талаптарын бұзған тұрғындарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін тиісті органға (СЭС-ке) жіберілді.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауды, бас қосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді. Карантин ескерілмей құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған.
Сондықтан немқұрайлылық танытпай, өз саулықтарыңыз үшін карантин талаптарын ұстанған жөн.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




