Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне Машат кентінің жанында болған жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына тез арада жеткен полицейлер «Ауди А8″ автокөлігінің жүргізушісі Шымкент қаласына қарай бара жатып,» Фольцваген Джета» автокөлігінің артынан соқтығысып, кіріп кеткенін анықтады. Нәтижесінде екі автокөлік те зардап шекті.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары құжаттарды тексеру кезінде «Ауди» жүргізушісі мас күйде болды. Жол ережесін бұзушы медициналық куәландыруға жіберілді. Сараптамаға сәйкес, ер адам көлікті орташа мас халде басқарғаны анықталды. Сонымен қатар, мас жүргізуші 2019 жылы үш жыл мерзімге автокөлікті басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе осындай адамның көлік құралын басқаруға жіберілуі» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайларын анықтайды-деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғалары мен жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол ережелерін сақтауға, ең бастысы мас күйінде көлік жүргізбеуге кеңес береді. Сондай-ақ жолдарда жылдамдықты асырмау, қарсы жолаққа шығу, маневр жасау ережелерін және ЖҚЕ басқа да ережелерді бұзбау керек.
Жүргізуші есіңізде болсын: сіздің өміріңіз ғана емес, сонымен қатар жолаушылар мен жақындарыңыздың денсаулығы да жол қозғалысы ережелерін сақтауға байланысты.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысының аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, ол жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу және жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған. Өткен тәулікте Түркістан облысы ПД патрульдік полиция қызметкерлері 1356 жол ережесін бұзу жайтын анықтады, оның ішінде мас күйінде көлік жүргізгені үшін 13 жүргізуші ұсталды.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі




