Түркістан облысында мобильді топ өкілдері карантин талаптарының сақталуын қатаң қадағалауда. Әрбір дүкен, кафе-барлар, ойын-сауық орталықтарына тексеру жұмыстарын жүргізіп, белгіленген уақыт аралығында ғана қызмет көрсетуін бақылауда. Бұл бағыттағы жұмысты Кентау ҚПБ-нің полицейлері де қарқынды жүргізуде.
Мәселен, Кентаулық учаскелік полицейлер өздеріне бекітілген әкімшілік аумақта карантиндік тәртіптің сақталуы бойынша жүйелі жұмыстар атқаруда. Осындай кезекті аралау барысында Кентау қаласы көшелерінің бірінде түнгі сағат 22:00-ден кейін ашық тұрған дүкенді байқап қалады. Тексеру мақсатында ішке кірген полицейлер, аталмыш дүкенге келушілердің де бетпердесіз жүргенін анықтайды. Тәртіп сақшылары бірден тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Шекті уақытқа қарамастан жұмыс істеп тұрған дүкен иесі мен бетпердесіз жүрген 2 сатып алушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» бойынша хаттама толтырылды. Жинақталған материалдар тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөліністеріне жіберілді. Құқық бұзушыларға карантин талаптарын қатаң түрде сақтау керектігін ескертті.
Сонымен қатар, Түркістан облысында арнайы құрылған мобильдік топ өкілдері облыс аумағындағы тойханалар мен мейрамханаларды, дүкендерді тексеріп, нысан иелерімен кездесіп, той-жиын өткізбеу және азаматтардың жиналуына жол бермеу керектігін түсіндіріп, карантин талаптары бұзылган жағдайда заңды шара көрілетіні туралы айтты. Әрбіріміз денсаулығымызға немқұрайлы қарамайық. Ел қамын ойлайтын азаматтарымыз, ұлттың амандығы үшін күндіз-түні тынбай еңбек етуде. Сондықтан бетперделік режим мен арақашықтықты сақтаңыздар!
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




