Отырар АПБ-не жергілікті тұрғын арызданған. Онда өзінің үйінде тұрған «Самсунг Таб» маркалы ұялы планшетін белгісіз тұлға ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленуші әйелге келтірілген жалпы шығын көлемі 70 мың теңге.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Орын алған қылмысты ашу мақсатында Отырар АПБ-нің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел тергеу тобы құрылып, күдікітіні ұстауға бағытталған шараларды іске асырды. Осылайша тәртіп сақшыларының жүргізген іздестіру жұмыстары барысында күдікті жәбірленуші азаматшаның көршісі болып шықты. Ол Алматы қаласында жүрген жерінен ұсталды. Бүгінгі таңда өз кінәсін толығымен мойындап отыр.
Тергеу барысында анықталғандай жәбірленушінің үйіне көршісі келген. Содан соң оған жаңадан алған планшетін көрсеткен. Арада біршама уақыт өткен соң арызданушы балаларын ауруханаға алып бармақ болып, күдіктімен бірге үйінен шығады. Алайда, есігін кілттемеген. Оны байқаған көршісі бірер минуттан соң үйіне жасырын кіріп, планшетін алып кеткен. Күдікті өз арам ойын іске асырғаннан соң, оқиға орнынан бой тасалап, Алматы қаласына кетіп қалған. Қазіргі таңда полицейлер күдіктіге қатысты тергеуді жалғастыруда. Бас шарасы қолхатта-деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Облыс полицейлері азаматтарға қырағы болуды және өз мүлкін қараусыз қалдырмауды ескертеді. Тұрғын үйлер мен аулаларды бекітіп, сенімді құлыптармен және жақсы жарықпен жарықтандыру қажеттілігін айтады. Сондай-ақ түнгі уақытта есіктер мен терезелерді мықтап жауып, тіпті аз уақытқа да үй-жайды ашық тастап кетпеуге кеңес береді. Егерде сіз осындай жайттардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз онда міндетті түрде полицияның 102 телефонына хабарласыңыз.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




