Мақтаарал АПБ-не кешкі сағат 16:00 шамасында Атакент ауылының тұрғыны 102 сымтетігі арқылы хабарласқан. Ол әйелдің айтуынша есік алдында ойнап жүрген 4 жасар ұлы із-түссіз жоғалып кеткен. Мақтаарал АПБ ювеналдық полиция тобының қызметкері жас маман полиция лейтенанты Тоқсанбай Нұржан хабарлама түсе салысымен тез арада әрекет етіп, оқиға орнына жетті. Кішкентай бұлдіршінді табу мақсатында қажетті деп танылған барлық жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілді. Аудан көшелерін тексеріп, көрген-білген тұрғындардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Полицейдің жан-жақты іздестіру жұмыстарының арқасында, небары 1 жарым сағат ішінде бүлдіршін ойнап жүрген жерінен табылды. Осылайша, жоғалған бала ата-анасына аман-сау күйінде табысталды. Тәртіп сақшысының анықтауынша ойын баласы үйдің ауласында ойнап жүріп, үйден 2 көше ары қарай кетіп қалған.
Өз кезегінде баланың анасы Аймуртаева Несібелі полицейдің қырағылығына риза болып, алғысын білдірді. «Мен, есік алдында ойнап жүрген баламды жоғалтып алдым. Содан соң Мақтаарал ауданының полиция қызметкерлеріне хабарластым. Полицейлер дер кезінде тауып берді. Осы кісіге алғысым шексіз.»-деп жүрекжарды сөзін арнады-деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға балаларыңызға абай болыңыздар, сыртқа ойнауға шыққанда қараусыз қалдырмаңыздар деп ескертеді.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




