Шымкент қаласы Полиция департаменті «Біздің полиция» жобасы арқылы қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, құқық тәртібін қамтамасыз етіп жүрген тәртіп сақшыларын таныстырып келеді.
Кезекті кейіпкеріміз — Қаратау АПБ Тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полиция аға лейтенанты Нұрислам Есенбеков.
Нұрислам Болатұлы 1999 жылы Шардара қаласында дүниеге келген. Бала күнінен қоғамның тыныштығын күзетуді, Отанға адал еңбек етуді көздеген оның діттеген мақсаты бар-тын. Ол — тәртіп сақшысы атанып, погондылар қатарынан табылу еді. Мектеп бітірген бойда алға қойған мұратына жету үшін осы бағыттағы жоғарғы оқу орнына түскен. Осылайша ол, 2016-2020 жылдары Алматы қаласындағы Заң Академиясын үздік көрсеткішпен тәмамдайды.
Алғашқы еңбек жолын Еңбекші АПБ жедел уәкіл болып бастап, кейін тергеуші болып ауысады. Қазіргі кезде Қаратау АПБ Тергеу бөлімінің аға тергеушісі лауазымында қызмет атқаруда.
Жүгі ауыр, жауапкершілігі зор саланы абыроймен еңсеріп жүрген полицей әркез өзіне жүктелген міндетті кәсіби шеберлікпен атқарып келеді. Бастысы, жас сақшының жұмыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, басшылық тарапынан марапаттар алып, халықтың алғысына бөленіп жүргені қуантады.
«Бос уақытымда өз-өзімді дамытумен айналысамын. Түрлі кітаптар оқимын. Спортпен шұғылданамын. Алдағы уақытта осы салада қызмет етуді жоспарлап жүрген жастарға кеңесім, кез келген жайтқа сабырлықпен қарауға дайын болу қажет. Сондай-ақ, міндетті түрде маманның бойында білім мен сауаттылық табылуы маңызды. Бастаған істі соңына дейін жеткізе білу, жауапкершілікті бәрінен жоғары қою қасиеті де – тергеуші үшін басты қағида», — дейді полиция аға лейтенанты.




