Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кинологиялық қызмет орталығымен бірлесіп, есірткі құралдарының заңсыз айналымының жолын кесу бойынша профилактикалық іс-шара өткізді. Оның негізгі мақсаты – Қазақстанның басқа да облыстары мен әлемде логистика арқылы есірткі тасымалдаудың жолын кесу.
Іс-шара Түркістан облысы бойынша «Қазпошта» филиалының ғимаратында ұйымдастырылды. Мұнда полицейлер «Қазпошта» қауіпсіздік қызметкерлерімен бірге есірткі заттарын заңсыз тасымалдау мен жеткізудің алдын алу бойынша өзара іс-қимылды пысықтады. Тәртіп сақшылары «Вермонд» атты қызметтік итінің көмегімен жүк көліктерін, сондай-ақ жеткізілетін пошта мен сәлемдемелерде тыйым салынған заттарды тасымалдау үшін тексерді.
Түркістан облысы ПД аға жедел уәкілі Дәурен Сартаев, есірткі қылмысының алдын алуға және оған қарсы іс-қимылға бағытталған осындай іс-шаралар тұрақты негізде жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұл өз кезегінде транзиттің алдын алуға және есірткі айналымына байланысты құқық бұзушылықтарды азайтуға көмектеспек.




