Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жас жігіттің айтуынша, оның үйінен «Iphone 12 Pro» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 500 000 теңгеге жуық. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Олар қылмысты ашуға бағытталған қажетті шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Анықталғандай, жәбірленуші үйін сатылымға қойған. Ал күдікті үйді сатып алушы болып келген. Ол шкаф үстінде тұрған ұялы телефонға көзі түсіп, бөтеннің мүлкін жасырын жымқырған. Полицейлер күдіктіден ұялы телефонды айғақ зат ретінде алды. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы полицейлері тұрғындарға ұрлықтың алдын алу үшін жеке мүліктерге сақ болуды ескертеді. Сонымен қатар, таныс және бейтаныс адамдарға сенім артпауға кеңес береді.




