Қазіргі таңда елімізде алдау, сенімді теріс пайдалану арқылы оңай ақша тапқысы келетіндер саны көбейіп жатыр. Олардың жолын кесу мақсатында, тәртіп сақшылары күндіз-түні аянбай қызмет етуде. Соның ішінде Сарыағаштық полицейлер де нәтижелі жұмыс жасап, алаяқтарды құрықтауда.
Мәселен, Сарыағаш АПБ-ға жергілікті 2 бірдей тұрғын арызданған. Жәбірленуші ер адамдардың айтуынша, танысы карантин режиміне байланысты Өзбекстан Республикасынан 2 жұмысшыны шекарадан заңды түрде өткізіп беремін деп сендірген. Ақысына біреуінен 250 000 теңге, екіншісінен 240 000 теңге алған. Осыдан соң 2 жыл уақыт өтсе де, күдікті жәбіренушілерге берген уәдесін орындамаған және ақшасын сол күйі қайтармаған. Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.
Сарыағаштық тәжірибелі полицейлер қылмысты дер кезінде ашу мақсатында, алаяқты ұстауға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде күдікті ретінде бұрын сотты болған ер адам ұсталды. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға барынша қырағы болып, алаяқтарға алданбауды ескертеді.




