Қазығұрт аудандық Полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция полковнигі Бауыржан Алдабергенов пен полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Төреқұлов 11-сыныпты бітіруші түлектермен сұхбат өткізді. Шара Қазығұрт АПБ-нің «Азаматтарды қабылдау бөлмесінде» өтті. Кездесудің басты мақсаты болашақ түлектерге құқық қорғау саласындағы қызметтің ерекшелігін түсіндіріп, қызметке деген қызығушылықтарын арттыру. Сондай-ақ Ішкі істер органына кандидаттарды іріктеу.
Тәртіп сақшылары өздерінің күнделікті жүргізетін жұмыс барысынан мысал келтіре отырып, жоғары сынып оқушыларына мамандықтың қыр-сыры жайлы толығырақ айтып берді. Өз кезегінде үміткерлер де өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауап алып, полиция қызметіне деген қызығушылықтары арта түсті. Бұған қоса, тәртіп сақшылары бұл сала ең бірінші ұқыптылық пен жауапкершілікті қажет ететіндігін баса айтты — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жиын соңында келешек өмірлеріне қажетті құнды ақпараттармен танысқан мектеп түлектері келелі кездесу өткізгендері үшін тәртіп сақшыларына алғыстарын білдірді. Сонымен қатар жиналғандардың ішінде биыл мектеп бітіретін 9 үміткер, яғни 5 бала, 4 қыз Ішкі істер органдарына қызмет етуге ниет білдірді. Олар Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсуге ниетті. Егерде медициналық және спорттық талаптардан өтсе, үміткерлер академияға оқуға қабылданады.




